Мазмұнға өту
qandastar.

Тіркелмеген арықтататын дәрілерге тосқауыл қойылды: клиникадан препараттар тәркіленді

Малика Хамит
Тіркелмеген арықтататын дәрілерге тосқауыл қойылды: клиникадан препараттар тәркіленді

Жаңа арықтататын препаратты қолдануға асыққандарға Денсаулық сақтау министрлігі ескерту жасады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

«Мунджаро» дәрісі Қазақстанда әзірге мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Оны рұқсатсыз қолдану заң бұзушылық болып саналады.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік тіркеуден өткен пептидтік препараттар бар. Алайда олардың қатарына «Мунджаро» әзірге кірмейді.

«Мунджаро» қазір сараптамадан өтіп жатыр. Тіркеуден өтпеген препаратты қолдануға болмайды. Бұл заң бұзушылық болып саналады», – деді Бауыржан Жүсіпов Үкіметтегі брифингте.

Комитет төрағасы тіркелмеген препараттарды пайдаланудың нақты мысалын да келтірді. Оның сөзінше, Маңғыстау облысында рұқсатсыз пептидтерді қолданған жеке меншік клиника анықталған. Тексеру барысында ондағы дәрі-дәрмектердің барлығы тәркіленген.

Айта кетейік, дәрілік заттың Қазақстанда ресми тіркелген-тіркелмегенін Dari KZ мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. Онда мемлекеттік тіркеуден өткен дәрілер туралы ақпарат жарияланған.

Министрлік азаматтарға тіркелмеген дәрілік заттарды өз бетінше сатып алып, қолданбауға кеңес береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp