Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп.
Президент өз үндеуінде жыл сайын 31 мамырда өткен ғасырдың алғашқы жартысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың рухына тағзым етілетінін атап өтті. Оның айтуынша, жазықсыз жапа шеккен жандарды ұмытпау және заңдылық пен әділдік қағидаттарына адал болу – ел алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Мемлекет басшысы Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ бұл ұстаным Конституцияда заң жүзінде бекітілгенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық және табиғатқа жанашырлық сияқты құндылықтарға сүйене отырып дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Президент бүгінде халықаралық қауымдастық Қазақстанды барлық салада тұрақты дамып келе жатқан мемлекет ретінде танитынын айтып, алдағы уақытта да қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ. Біз бұдан да биік белестерді бағындыру үшін ынтымақ пен тұрақтылықты сақтай білуіміз керек», – делінген үндеуде.