Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 17 мамырда 73 жасқа толды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады. Ол 1953 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі – соғыс ардагері әрі жазушы Кемел Тоқаев, ал анасы Тұрар Шабарбаева педагогикалық салада еңбек еткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдап, кейін Қытайда және Ресейдің Дипломатиялық академиясында білімін жетілдірді. Еңбек жолын КСРО Сыртқы істер министрлігінде бастап, Сингапур мен Қытайдағы дипломатиялық қызметтерде жұмыс істеді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның сыртқы саясат саласында маңызды қызметтер атқарды. Ол сыртқы істер министрі, премьер-министр, мемлекеттік хатшы және Сенат төрағасы болды. Сонымен қатар БҰҰ жүйесінде жоғары лауазымдарда қызмет етіп, Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры ретінде халықаралық дипломатияға үлес қосты.
2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан президенті қызметіне кірісті. Сол жылы өткен кезектен тыс сайлауда жеңіске жетіп, мемлекет басшысы болып сайланды. 2022 жылғы президент сайлауында да басым дауыспен жеңіске жетіп, қайта президент атанды.
Қасым-Жомарт Тоқаев – саяси ғылымдарының докторы, халықаралық қатынастар тақырыбында бірнеше кітаптың авторы. Сондай-ақ ол салауатты өмір салтын ұстанып, әдебиет оқуды және спортпен айналысуды ұнатады.