Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Air Astana жұмысына қатысты жолаушылар шағымдарын назарға алды

Малика Хамит · · 22 қаралым
Тоқаев Air Astana жұмысына қатысты жолаушылар шағымдарын назарға алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Ибрагим Жанлыелмен кездесу өткізіп, әуе тасымалы саласын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кездесу барысында Президентке Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі жетекші әуе тасымалдаушыларының бірі саналатын Air Astana компаниясының операциялық және қаржылық нәтижелері таныстырылды.

Ибрагим Жанлыел компанияның алдағы жылдары әуе паркін жаңғырту жоспары туралы баяндады. Атап айтқанда, 2026-2027 жылдары жаңа буындағы Boeing 787 Dreamliner ұшақтарын пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар компания Airbus және Boeing өндірісіндегі ондаған жаңа әуе кемесіне тапсырыс берген, олар кезең-кезеңімен 2036 жылға дейін жеткізіледі.

Сондай-ақ Президентке Air Astana-ның ұзақмерзімді даму стратегиясы таныстырылды. Құжат Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі әлеуетін күшейтуге, халықаралық бағыттарды кеңейтуге, мультимодальді тасымалды дамытуға және цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев әуе паркін жаңарту, бағыттар санын арттыру және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту міндеттерінің маңызын атап өтті.

Президент АҚШ және Жапония елдерімен тікелей әуе тасымалын ұйымдастыруды басымдық ретінде атады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ рейстердің кешігуі мен әуе кемелерінің ауыстырылуы сияқты жолаушылар тарапынан жиі сынға ұшырайтын мәселелерге назар аударып, қазақстандықтар көп қатынайтын бағыттар бойынша әуе қатынасын дамытуды тапсырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp