Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев аса маңызды минералдар саласын дамытуға қатысты тапсырмалар берді

Бақытжан Мұса · · 14 қаралым
Тоқаев аса маңызды минералдар саласын дамытуға қатысты тапсырмалар берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен аса маңызды минералдар, оның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері қаралған Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлайды.

Жиында мемлекет басшысы Қазақстанның табиғи ресурстар мен өндірістік әлеуеті бойынша Орталық Азиядағы жетекші елдердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі әлемдік жағдай табиғи ресурстарға бай мемлекеттерге жаңа мүмкіндіктер беріп отыр.

Тоқаев әлемде аса маңызды материалдарға қол жеткізу үшін мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп келе жатқанын айтты. Бұл сала жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін стратегиялық мәнге ие.

Президент Қазақстан өзінің табиғи ресурстары мен өнеркәсіптік мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өндірістік тізбектерді кезең-кезеңімен дамытуы қажет екенін атап өтті.

Отырыста үкімет мүшелері саладағы қазіргі ахуал, минералдық ресурстар қорын игеру перспективалары, шикізатты қайта өңдеу бағыттары және осы саладағы негізгі мәселелер туралы баяндады.

Жиын соңында үкімет пен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, аса маңызды минералдар саласын дамытудың жүйелі тәсілін қалыптастыру, реттеу тетіктерін жетілдіру, геологиялық барлау мен қайта өңдеуді күшейту міндеттелді.

Сонымен қатар техногендік минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу, зертханалық базаны және мамандар құрамын күшейту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайту жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp