Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Астананың болашағына қатысты ойын айтты

Малика Хамит · · 25 қаралым
Тоқаев Астананың болашағына қатысты ойын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, елорданы Тәуелсіз Қазақстанның символы әрі егемен елдің жүрегі деп атады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Президенттің айтуынша, Астана бүгінде ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталыққа айналған. Сонымен қатар, қалада заманауи басқару жүйелері енгізіліп, «ақылды қала» ретінде дамып келеді.

Мемлекет басшысы елордада саябақтар, гүлзарлар мен балалар алаңдарының көбейіп жатқанын атап өтіп, мұның бәрі тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы өмір сүруіне бағытталғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана күні қарсаңында күшіне енген жаңа Конституцияның тарихи маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл құжат билік пен қоғам институттарын жаңғыртуға жол ашып, елорданың мемлекет дамуындағы ерекше мәртебесін айқындай түсті.

Сондай-ақ Президент Астананың халықаралық беделі артып келе жатқанын айтып, өңірлік және жаһандық деңгейдегі маңызды мәселелердің осы қалада талқылануы соның дәлелі екенін жеткізді.

Құттықтау соңында Мемлекет басшысы елорданың «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық мәдениеттің үлгісі болатынына сенім білдіріп, Астана тұрғындарына амандық пен табыс тіледі.

Бөлісу: Telegram WhatsApp