Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, дейді Qandastar.kz сайты.
Президенттің айтуынша, еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жұмысы жалғасуы керек. Осы ретте жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың сайлауын өткізу қажеттігі туындап отыр.
«Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі “AMANAT” партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым “Әділет” партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты», – деді Президент.
Бұған дейін «AMANAT» партиясы «Әділет» партиясына қосылу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл шешім 2026 жылғы 12 маусымда өткен партия съезінде қолдау тапты.
Мемлекет басшысы тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындауы мүмкін екенін атап өтті.
«Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, одан кейін Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттар сайлауының күнін жариялауы керек. Оның пікірінше, бұл қадам жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан заңнамасында мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын Президент тоқтата алатыны көзделген. Ал мұндай жағдайда кезектен тыс сайлауды Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды және ол мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.