Тоқаев Бельгия премьерімен инвестиция мен сауда мәселесін талқылады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияның Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестициялық әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Президенттің айтуынша, Бельгия Қазақстанның Еуропалық Одақ аясындағы маңызды серіктестерінің бірі саналады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың әлеуеті әлі де жоғары екенін атап өтті.
Соңғы 20 жыл ішінде Бельгиядан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестиция көлемі 15 миллиард долларға жеткен. Сондай-ақ Бельгия Қазақстандағы ең ірі он инвестор елдің қатарына кіреді.
Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 580 миллион доллардан асып, өзара сауданың тұрақты өсім көрсетіп отырғанын байқатты.
Қазіргі таңда Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 110-нан астам компания жұмыс істейді. Президент мұны екі елдің өзара тиімді әріптестікті дамытуға деген ортақ ұмтылысының көрінісі ретінде бағалады.