Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев «БРИКС плюс» саммитінде сөз сөйледі

Бақытжан Мұса · · 13 қаралым
Тоқаев «БРИКС плюс» саммитінде сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өтіп жатқан «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырысқа қатысты. Мемлекет басшысы жиында сөз сөйлеп, тұрақтылық пен халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.

Отырыстың негізгі тақырыбы – «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өтіп жатқан «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Мемлекет басшысы БРИКС әлеуетін тиімді пайдалану үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет екенін айтты.

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиге қонақжайлығы мен саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Президент жиынның Нью-Делиде өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлем халқының жартысына жуығын біріктіретін және жаһандық ішкі жалпы өнімнің шамамен 40 пайызын құрайтын БРИКС-тің мүмкіндігі зор. Алайда бұл әлеуетті толық іске асыру үшін жетекші державалар арасындағы сенімді қалпына келтіріп, халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелерді шешу қажет.

Тоқаев қазіргі геосаяси ахуалға да тоқталды. Оның пікірінше, қақтығыстардың күшеюі, милитаризацияның артуы, көпжақты институттардың әлсіреуі және сауда кедергілерінің көбеюі әлемдік экономикаға кері әсер етіп отыр. Ол аймақтық қақтығыстардың салдары олардың тікелей қатысушыларымен ғана шектелмей, жаһандық экономикаға да әсер ететінін айтты.

Ақорда

Президент бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ядролық державалар арасында жоғары деңгейдегі диалог орнатып, ядролық және жаңа технологияларға байланысты қатерлерді азайту қажеттігін айтты.

Тоқаев БҰҰ-ның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, ұйымға балама жоқ, ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің шынайы жағдайы ескерілуі керек. Президент Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдігін күшейтуді ұсынды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның БРИКС-ті БҰҰ-ның жетекші рөлін толықтыратын, халықтар, өңірлер мен нарықтарды байланыстыратын ашық ынтымақтастық алаңы ретінде қарастыратынын жеткізді.

Қазақстанның БРИКС елдерімен саудасы $72 млрд-қа жуықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БРИКС-ке мүше және серіктес мемлекеттермен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниетті екенін айтты. Оның сөзінше, былтыр Қазақстанның осы елдермен тауар айналымы шамамен 72 миллиард долларға жеткен.

Президент энергетика, маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында терең өңдеуді дамытуға, сондай-ақ технология алмасу мен бірлескен инвестицияларды арттыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік әлеуетіне де ерекше тоқталды. Былтыр ел аумағы арқылы шамамен 40 миллион тонна транзиттік жүк тасымалданған. Ұзақмерзімді мақсат – бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізу.

Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік бағытын «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразиядағы көлік байланысын одан әрі дамытуға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар Үндістан ұсынған БРИКС-тің логистика және жеткізу тізбектері саласындағы ынтымақтастық жөніндегі негіздемелік бағдарламасын қолдайтынын жеткізді.

Қазақстан БРИКС аясында жасанды интеллект бойынша серіктестік құруды ұсынды

Президент жасанды интеллектінің экономикаға, қоғамға және әлемдегі күштер теңгеріміне ықпалы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан үшін ЖИ стратегиялық басымдыққа ие.

Осыған байланысты Тоқаев «БРИКС плюс» аясында жасанды интеллект бойынша серіктестікті іске қосуды ұсынды. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіріп, зертханалар мен ғылыми жобаларға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ көптілді цифрлық шешімдерді бірлесіп әзірлеу жоспарлануы мүмкін.

Мемлекет басшысы тұрақтылық тек технологиялық дамумен өлшенбейтінін айтып, су ресурстары мәселесін де көтерді. Қазақстан әлем елдерінің күш-жігерін біріктіру мақсатында БҰҰ-ның арнайы құрылымы ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құруды ұсынғанын еске салды.

Тоқаев БРИКС елдері мен серіктестерін осы бастаманы қолдауға бағытталған халықаралық консультацияларға қатысуға шақырды.

Сөзінің соңында Президент тиімді көпжақты ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, көпполярлы әлем жүйесі жікке бөлінуді күшейтпеуі керек. Қазақстан егемендік, мүдделер теңгерімі және ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы ұстанымдарды ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp