Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Чехия арасындағы серіктестікті нығайтуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Екіжақты саяси ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың болашағы зор деп санаймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы миссияларымыз тығыз жұмыс істеп, диалогты тұрақты түрде сақтап келеді. Көптеген бағыт бойынша байланыстарымызды дамытуға мүмкіндік жеткілікті
Президент Чехияның прагматикалық сыртқы саясатына жоғары баға беріп, екі ел арасындағы саяси диалогтың серіктестікті кеңейтуге жол ашып отырғанын айтты. Сонымен қатар Чехия Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударды.
Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол
Андрей Бабиш бұл сапар екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.
Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз
Келіссөз барысында өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергетикасы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы әріптестік мүмкіндіктері қаралды.
Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды да сөз етті. Президент қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру жобасына қолдау көрсеткен чех әріптестеріне алғыс білдірді.
Бұдан бөлек, Андрей Бабиш Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мәселесін екіжақты форматта және Еуропа Одағы аясында ілгерілетуге ниетті екенін айтты.
Кездесу қорытындысында тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін нақты жобалар тізімін әзірлейтін болды. Сонымен қатар Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты Чехияға ресми сапармен келуге шақырды.