Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Эфиопия Премьер-министрімен екіжақты байланысты дамыту мәселесін талқылады

Бақытжан Мұса · · 9 қаралым
Тоқаев Эфиопия Премьер-министрімен екіжақты байланысты дамыту мәселесін талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты байланысты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселелеріне назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Эфиопиямен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

«Сіздің еліңізге зор құрметпен қараймыз. Аддис-Абебадағы тұрақты түрде қызмет ететін елшілігіміз Қазақстанның Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Африка Одағында байқаушы ел ретінде танылған. Сондықтан біздің Африкаға деген қызығушылығымыз айқын әрі орнықты сипатқа ие», – деді Президент.

Мемлекет басшысы әсіресе Эфиопиямен байланысты дамытуға ерекше мән берілетінін айтты.

Президенттің пікірінше, өзара сауда көлемін арттыру арқылы екі ел арасындағы іскерлік серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бір-бірінің сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетімен танысу үшін екі ел делегацияларын өзара жіберуге уағдаласты.

Сонымен қатар Қазақстанда Эфиопиядан шай, кофе және гүл өнімдерін жеткізуге арналған хаб құру мүмкіндігін зерделеу туралы келісімге келді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp