Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының алғашқы кеңесін өткізді

Бақытжан Мұса · · 13 қаралым
Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының алғашқы кеңесін өткізді

Қазақстан Президенті, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев дербес мемлекеттік орган ретінде құрылған Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының алғашқы кеңесін өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады, дейді Qandastar.kz сайты

Кеңес барысында Мемлекет басшысы Аппараттың жаңа мәртебесін мемлекеттік институттарды реформалау үдерісімен сабақтастыра қарастыру қажеттігін атап өтті.

Президент қазіргі әлемдегі ахуалдың құбылмалы кезеңінде Қауіпсіздік Кеңесі аса маңызды мәселелер бойынша нақты әрі жан-жақты сараланған шешімдер қабылдайтын орталыққа айналуға тиіс екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сын-қатерлердің сипаты едәуір өзгергеніне назар аударды. Осыған байланысты киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше мән берілді.

Сонымен қатар алдағы уақытта маңызы арта түсетін ақпараттық, технологиялық, азық-түлік, су және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы аталған бағыттар бойынша басымдықтарды айқындап, «Заң мен тәртіп» қағидатын негізгі бағдар ретінде атады.

Кеңес қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратына бірқатар нақты міндет жүктелді. Президент Қазақстанның ұлттық мүддесін, егемендігі мен тұрақтылығын қорғау Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының тиімділігін айқындайтын басты өлшем болуға тиіс екенін атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp