Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық форумын екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланысты күшейтетін тұрақты алаңға айналдыруды ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Мемлекет басшысы мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін тиісті қаржылық инфрақұрылым қажет екенін атап өтті. Осы ретте ол бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктеріне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО мен Гонконг арасындағы ықпалдастықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия және ШЫҰ елдері эмитенттерінің арасында алғашқылардың бірі болып Қытайдың банкаралық нарығына кіріп, жалпы сомасы 3 миллиард юаньнан асатын панда-облигациялар шығарғанын айтты.
Президент Қазақстан инвестициялық жобаларды іске асыру үдерісін барынша қысқа, ашық әрі технологиялық тұрғыдан озық ұйымдастыруға ниетті екенін жеткізді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Kazakh Invest ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.
«Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы форумды «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынды.
Сонымен қатар Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы достық және өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі тұрақсыз кезеңде екі ел сенімді серіктестер ретінде бірлесіп әрекет етіп, түрлі сын-қатерлерге төтеп беруі қажет.
«Қазақстан мен Қытай – екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.