Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев: Қазақстан мен Қырғызстан арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ

Малика Хамит · · 141 қаралым
Тоқаев: Қазақстан мен Қырғызстан арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевті қабылдады, деп хабарлайды

порталы.

Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен парламентаралық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы қырғыз делегациясының Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасты нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.

Елімізге арнайы келгеніңізге қуаныштымыз. Сапарыңыз өте маңызды. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасында ешқандай түйткіл немесе түсініспеушілік жоқ. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген сөз бар. Бір кеңістікте бауырлас, тату болып, арамыздағы қарым-қатынасты нығайта береміз
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қырғызстан экономикасының даму қарқынын атап өтіп, Қазақстан бұл оң өзгерістерді қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын тарихи оқиға деп бағалады.

Өз кезегінде Марлен Маматалиев кездесу үшін алғыс айтып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың сәлемін жеткізді.

Қырғыз тарапы Сіздің басшылығыңызбен іске асырылған ауқымды конституциялық өзгерістерді қолдайды. Бұл әділетті әрі озық Қазақстанды құруға берік негіз қалайды. Сізге және бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік, бақ-береке тілеймін
деді Жогорку Кенеш төрағасы.

Кездесу кезінде екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp