Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Мемлекет басшысы құттықтауында елдің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген түрлі мамандық иелерін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіби біліктілік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен тәртіп қазіргі қоғам үшін маңызды қасиеттер саналады.
«Еңбек – бәрін жеңбек» деген нақыл сөздің мәні зор екенін айтқан Президент табанды еңбек жетістікке жетудің негізгі жолдарының бірі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, алда ауқымды міндеттер тұрғанына тоқталды. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан, заңға бағыну, бірлік пен ынтымақ, еңбекқорлық және табиғатқа қамқорлық жасау құндылықтары елдің тұрақты дамуына негіз болатынын жеткізді.
Президент қоғамда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына негізделген жаңа этика қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өткен жылы Жұмысшы мамандықтар жылының өтуі еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға, тәлімгерлік дәстүр мен еңбек әулеттерінің маңызын күшейтуге ықпал еткенін айтты.
Мемлекет басшысы жастарға кәсіби білім беру, олардың еңбек дағдыларын дамыту және аға буынның тәжірибесін өскелең ұрпаққа жеткізу маңызды міндет екенін атап өтті.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға мықты денсаулық, амандық және толағай табыс тіледі.