Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады, дейді Qandastar.kz.
Президент өз құттықтауында отбасы ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін маңызды институт екенін атап өтті.
«Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әр адамның дүниетанымы мен адами қасиеттері отбасында қалыптасады. Үлкендердің өнегесі мен ата-ананың тәрбиесі жас ұрпаққа өмірлік бағдар береді.
Президент Конституцияға сәйкес неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында екенін атап өтті. Сондай-ақ негізгі заңда балалардың құқығы мен әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін күшейтуге баса мән берілгенін айтты.
Мемлекет басшысы биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылғанын да атап өтті.
«Бала тәрбиесі мәселесіне зор жауапкершілікпен қарау, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің маңызды миссиясының бірі. Бұл – адам капиталын нығайтудың, яғни еліміздің әлеуетін арттырудың басты шарты», – деді Президент.
Оның сөзінше, Отанға деген сүйіспеншілік, заң мен тәртіпті сақтау, табиғатты аялау және қоғамдағы тазалық сияқты құндылықтар ең алдымен отбасындағы тәрбие арқылы қалыптасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құратынына сенім білдірді.
Президент барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен толайым табыс тіледі.