Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен Қазақстандағы саяси реформалар талқыланды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысы Чо Чжон Шикті Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері болып сайлануымен құттықтап, ілтипат білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев әңгімелесу барысында Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен өткен келіссөздердің нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы ықпалдастықты болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткізген.
Сонымен қатар Президент Корея парламентінің өкілдеріне Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған саяси реформалар туралы айтты.
Тоқаевтың сөзінше, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Оның аясында екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы құрылым енгізіліп, Вице-Президент лауазымы пайда болды. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталып, конституциялық мәртебесі бар консультативтік орган – Халық Кеңесі жұмысын бастады.
Президент Қазақстанның мақсаты Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық мемлекет құру екенін атап өтті.