Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдап, елдің қорғаныс қабілетін нығайту және Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Кездесу барысында Президент әскери басқару жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, олардың өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылықтың негізгі басымдығы болуы керек екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің кәсіби даярлығының сапасын арттыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту жөнінде міндеттер жүктеді. Сонымен қатар заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді әскер саласына енгізудің маңызын айтты.
Президент сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп және Отанға адалдық қасиеттерін қалыптастыру үшін әскердегі тәрбие жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау мәселесіне де айрықша мән берілді.