Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Мәжіліс жұмысының нәтижелерімен танысты

Малика Хамит · · 93 қаралым
Тоқаев Мәжіліс жұмысының нәтижелерімен танысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кездесу барысында Президентке Палатаның заң шығару жұмыстары мен конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы қызметі туралы баяндалды.

Ерлан Қошановтың айтуынша, Парламент жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жеті конституциялық заңды уақытылы әрі сапалы қабылдаған. Олардың қатарында Президент туралы, Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы, елорда мәртебесі және Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы заңдар бар.

Мәжіліс спикері бұл жұмыстардың барлығы қоғам өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен ашық форматта жүргізілгенін атап өтті.

Сондай-ақ Қошанов Мәжіліс сессиясы басталғалы бері 89 заң қабылданып, Сенатқа жолданғанын айтты. Олардың ішінде Құрылыс және Цифрлық кодекстер, жасанды интеллект, банк қызметі, құқықбұзушылықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет, ғылым, педагог мәртебесі, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және өзге де маңызды бағыттар бойынша құжаттар бар.

Қазіргі уақытта депутаттардың қарауында 80 заң жобасы жатыр. Атап айтқанда, рақымшылық жариялау, жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру, жергілікті өзін-өзі басқару, телекоммуникация нарығын дамыту, машина жасау, техникалық және кәсіптік білім беру, нотариат салаларына қатысты құжаттар талқылануда.

Бұдан бөлек, Мәжіліс сессия соңына дейін Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның былтырғы республикалық бюджеттің игерілуі жөніндегі есебін тыңдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ғылымды дамытуға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы және депутаттардың өңірлерге сапары кезінде халықтан түскен өтініштердің орындалуы қаралады.

Кездесуде парламенттік дипломатия мәселелері де сөз болды. Мәжіліс Төрағасы Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясы, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нәтижелері туралы баяндады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp