Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті Яков Милатович арасында шағын құрамдағы келіссөздер өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Черногория Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндік ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Черногория арасында ынтымақтастықты кеңейтуге әлеует жеткілікті екенін айтып, көптеген қазақстандықтардың Черногорияны туристік бағыт ретінде таңдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстан делегациясы құрамында бизнес өкілдерінің болуы экономикалық серіктестікті дамытуға деген өзара қызығушылықтың жоғары екенін көрсететінін айтты.
Өз кезегінде Черногория Президенті Яков Милатович жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, бұл сапар екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
Оның сөзінше, ресми сапар аясында екі елдің бизнес қауымдастықтары қатысатын форум өткізіліп, ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар меморандумдарға қол қойылады. Сонымен қатар Черногория тарапы туризм саласындағы әріптестікті кеңейтуге де мүдделі екенін жеткізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге дайын екенін растады.