Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдап, Қазақстанда үстел теннисін дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлалы.
Кездесуде Мемлекет басшысы Петра Сёрлингке Қазақстанда үстел теннисінің дамуына тұрақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, еліміздің Халықаралық үстел теннисі федерациясымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда үстел теннисіне қызығушылық артып келеді. Қазір елімізде 260 мыңнан астам адам осы спорт түрімен тұрақты түрде айналысады. Сондай-ақ спорт резервін даярлау және жарыстар өткізу үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы Астанада үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізуге жәрдемдескені үшін Петра Сёрлингке ризашылығын білдірді. Бұл Орталық Азияда үстел теннисінен өтетін алғашқы әлем чемпионаты болмақ.

Ақорда
Әңгімелесу барысында алдағы әлем чемпионатының тарихи маңызы да сөз болды. Жарыстың Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда үстел теннисінің дамуына жаңа мүмкіндіктер беретіні атап өтілді.
Өз кезегінде Петра Сёрлинг үстел теннисіне көрсетіп отырған қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, федерацияның осы спорт түрін одан әрі дамыту және насихаттау жоспарларымен бөлісті.