Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев президент сайлауына қатысу-қатыспауына қатысты шешімін қашан айтатынын мәлімдеді

Бақытжан Мұса · · 100 қаралым
Тоқаев президент сайлауына қатысу-қатыспауына қатысты шешімін қашан айтатынын мәлімдеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспау мәселесіне қатысты нақты шешімін 2027 жылы жариялайтынын айтты. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы Конституциялық соттың тиісті шешімі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, қолданыстағы құқықтық нормаларға сәйкес, қайта сайлануға мүмкіндігі бар. Алайда әзірге келесі президент сайлауына қатысу жоспары туралы айтуға ерте.

«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі таңда ел алдында тұрған ауқымды міндеттерді орындау маңызды екенін айтты. Оның ішінде Қазақстан бойынша әлеуметтік нысандар салу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталды.

Тоқаев бұл мақсаттарға Ұлттық қор қаражатын пайдалануға дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, қаржы халықтың игілігіне жұмсалуы керек.

Сонымен қатар президент әлемдегі геосаяси ахуалды мұқият бақылау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстанда бейбітшілік сақталып, экономикалық даму жалғасып келеді.

«Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін», – деді президент журналистің сауалына жауап бере отырып.

Еске салайық, 2022 жылғы қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 81 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын. Сол кезде Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, президенттік өкілеттік мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзартылып, бір адамға бір рет қана сайлану нормасы енгізілген еді.

Осыған байланысты Тоқаевтың қазіргі президенттік мерзімі 2029 жылы аяқталуы тиіс болатын. Мемлекет басшысы бұған дейін жеті жылдық мерзімі аяқталғаннан кейін президенттік өкілеттігін заңды түрде тапсыратынын бірнеше рет мәлімдеген.

Алайда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Конституциялық сот Тоқаевтың қазіргі президенттік мерзімін есептеудің жойылатыны туралы қорытынды жасаған. Соның нәтижесінде мемлекет басшысына тағы бір президент сайлауына қатысуға мүмкіндік берілді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp