Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мемлекет басшысы Путинді тоғызыншы шақырылымдағы Ресей Мемлекеттік Думасы сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.
Тоқаев сайлауды Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға деп атап, дауыс беру нәтижесі елдің ұзақмерзімді мүддесіне бағытталған стратегиялық саясатқа қолдаудың бар екенін көрсеткенін айтты.
Қазақстан Президенті жаңа шақырылымдағы депутаттар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және Ресейдің экономикалық әрі саяси әлеуетін нығайтуға бағытталған тиімді шешімдер қабылдайтынына сенім білдірді.
Құттықтау жеделхатында Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылған.
Тоқаев екі ел депутаттары өзара байланыстарды одан әрі нығайтып, Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігін дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыратынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Владимир Путинге Ресейдің өркендеуі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.