Астанада Тәуелсіздік сарайында сегіз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісінің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Сенім грамоталарын Мысыр елшісі Самех Шехата, Швейцария елшісі Кристина Хонеггер-Золотухин, Эстония елшісі Марье Лууп, Оман елшісі Салах Джабуб, Мажарстан елшісі Ференц Цомбош, Гвинея-Бисау елшісі Браима Эмбало, Нигерия елшісі Джозеф Олусола Иджи және Дания елшісі Ларс Туесен табыстады.
Кездесуде Мемлекет басшысы дипломаттарға ілтипат білдіріп, Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымдарына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілікке, теңгерімді және сындарлы сыртқы саясатқа басымдық беретінін атап өтті.
Президент қазіргі тұрақсыз әлем жағдайында мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы мен диалогын нығайтудың маңызын айтты. Сондай-ақ шетелдік дипломаттарға Қазақстанның мемлекеттік органдары мен Сыртқы істер министрлігінің өзара жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.