Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының маңызына тоқталып, табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Президент саябақта жастармен және экобелсенділермен бірге тал егіп, қоршаған ортаға қамқорлық жасау елдің болашағы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік туған жерді таза ұстаудан және оған жанашырлық танытудан басталады.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығын мысалға келтірген Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау халқымыздың бойында бұрыннан бар қасиет екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жобасының қоғамдық және тарихи мәні ерекше екенін айтып, Қазақстанның экологиялық мәдениеті жоғары елге айналуы қажет екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол», – деді Президент.