Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Токио губернаторына І дәрежелі «Достық» орденін табыстады

Малика Хамит · · 81 қаралым
Тоқаев Токио губернаторына І дәрежелі «Достық» орденін табыстады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Токио губернаторы Юрико Коикэні қабылдап, Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды

порталы.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Токио губернаторының сапары Қазақстан мен Жапония арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті. Президент мұның символдық мәні бар екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Юрико Коикэнің басшылығымен Токио әлемдегі ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын мегаполистердің біріне айналғанына назар аударды.

Сізді жаһандық деңгейдегі көрнекті саясаткер ретінде танимыз. Көреген басшылығыңыз бен еліңіз үшін ұзақ жылдар бойы атқарған қызметіңіз құрметке лайық. Қазақстан жұртшылығы Сізді мемлекет қайраткері және еліміздің досы, серіктесі деп біледі. Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптеуге бағытталған еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Бұл қос халықтың ынтымағын арттыра түседі
деді Мемлекет басшысы.

Президент былтыр Жапонияға жасаған ресми сапарын еске алып, соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін айтты.

Мен Токионың «Ақылды қала» бағдарламасымен таныстым. Бұл біздің қызығушылығымызды тудырды. Себебі елімізде де Smart City тұжырымдамасын ілгерілетіп отырмыз. Сіздің Астанаға келген сапарыңыз пайдалы боларына сенімдімін. Өйткені біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және мегаполисті басқару тәжірибесін зерделеуге ынталымыз
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Юрико Коикэ Қазақстан Президентіне қонақжайлық танытқаны үшін алғыс білдірді.

Сіздің көшбасшылығыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларыңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан өңірдегі экономикасы ірі, ресурсы мол ел ретінде Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб рөлін нығайтып келеді
деді Токио губернаторы.

Кездесу барысында тараптар цифрлық технологиялар, инновация, халықаралық қаржы және білім беру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын да талқылады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp