Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Дональд Трампты АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, елдің қысқа тарихи кезеңде әлемдегі жетекші державалардың біріне айналғанын атап өтті.
Келіссөз кезінде екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен саяси байланыстардың қазіргі ахуалы талқыланды. Президент өткен жылдың қарашасында Вашингтонға жасаған сапар барысында қол жеткізілген келісімдердің кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі ұстанымы өзгермейтінін растады. Ол бұл бағытта Халықаралық атом энергиясы агенттігі-мен ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.
Тараптар сондай-ақ соңғы уақытта Ақордада АҚШ өкілдері және америкалық бизнес қауымдастығымен өткен кездесулердің нәтижелеріне оң баға берді.
Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.