Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келген делегация өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды
порталы.
Кездесуге Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохун, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков, Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода, Түрікменстанның Ішкі істер министрі Мұхаммет Хыдыров және Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов қатысты.

Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, киберқауіпсіздік, экстремизм және басқа да заманауи қауіп-қатерлер мәселелері талқыланды.
Президенттің айтуынша, өңірдегі ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіретін қылмыстық әрекеттерге қарсы жүйелі әрі батыл шаралар қажет.
Қазақстан заң үстемдігін қамтамасыз етуді құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Біз «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстремизм идеяларының таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн. Айтылған қатерлердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш-жігер біріктіре отырып төтеп бере аламыз. «Орталық Азия – Қытай» форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін
Сонымен қатар Президент қазіргі таңда цифрлық кеңістіктегі қауіптердің күшейіп отырғанына назар аударды. Оның пікірінше, киберқылмыс пен жалған ақпарат тарату мәселесі халықаралық деңгейдегі өзекті сын-қатерге айналған.
Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды. Азаматтарымызға, бизнеске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отыр. Гибридті және ақпараттық технологиялар жалған мәлімет, яғни, «фейк» тарату құралы ретінде қолданылады. Өшпенділік өртін үрлеп, алауыздық туғызады. Деструктивті элементтердің қолындағы жасанды интеллект ауыр салдарға әкеліп соғатын өте жойқын ақпараттық қаруға айналды. Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек