Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект елдің жан-жақты жаңғыруындағы негізгі факторлардың бірі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі әлем қарқынды өзгеріп жатыр, сондықтан Қазақстан бәсекеге қабілеттілігін сақтап, даму қарқынын бәсеңдетпеуі тиіс. Осы бағытта елде бірқатар нақты қадамдар жасалған. Атап айтқанда, Цифрлық даму министрлігі құрылып, жаңа технологияларды дамытуға құқықтық негіз қалыптастырылған. Сонымен қатар Цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллект туралы заң күшіне енген.
Жақын уақытта елдің цифрлық дамуын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Президент биылғы жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» екенін атап өтіп, бұл салада атқарылар жұмыс әлі де көп екенін айтты.
Сондай-ақ есептеуіш инфрақұрылымды дамыту маңызды міндет ретінде белгіленді. Суперкомпьютер кластерінің іске қосылуы технологиялық дербестікті нығайтқан маңызды қадам болды. Алдағы уақытта деректерді өңдеу орталықтарының жаңа алқабын құру жоспарланып отыр. Бұл жоба инвестиция тартуға және Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Президенттің сөзінше, цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқарудан бастап креативті индустрияға дейін барлық саланы қамтиды.
Сонымен қатар жазда Астанада өтетін «Болашақ ойындары» туралы айтылды. Бұл жарыста дәстүрлі спорт пен киберспорт біріктіріліп, әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.