Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай премьер-министр Нарендра Модиге құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады, дейді Qandastar.kz.
Президент жеделхатында Үндістанның халықаралық аренадағы ықпалы артып келе жатқанын, елдің экономикалық және ғылыми-техникалық жетістіктеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты түрлі бағытта одан әрі кеңейтуге мүмкіндік мол екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модиге мемлекеттік қызметінде табыс, ал Үндістан халқына амандық пен өсіп-өркендеу тіледі.
Сонымен қатар Президент Конго Республикасының басшысы Дени Сассу-Нгессоны және ел тұрғындарын ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Жеделхатта Қазақстанның Конго Республикасын Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде бағалайтыны айтылған. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да өзара тиімді бағытта нығая түсетініне сенім білдірді.
Президент Дени Сассу-Нгессоға жауапты қызметінде табыс, ал Конго халқына бейбітшілік, құт-береке және бақ-дәулет тіледі.