Мемлекет басшысы телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына ресми түрде старт берді, деп хабарлайды
порталы.
Президенттің айтуынша, жалпы ұзындығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттарында жолдарды кеңейту мен толық жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жобаларды отандық компаниялар жүзеге асырады. Құрылысқа 10 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылады.
Мемлекет басшысы жаңа жолдар пайдалануға берілгеннен кейін жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге өсіп, жылына 13,2 миллион тоннаға дейін жететінін айтты. Оның сөзінше, бұл жобалар ел экономикасы мен туризмнің дамуына, сондай-ақ халықтың әл-ауқатының артуына оң әсер етеді.
Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады
Президент бұған дейін көлік желілері негізінен солтүстіктен оңтүстікке бағытталғанын, енді шығыс пен батысты байланыстыратын жаңа дәліздер қалыптасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Арал маңындағы жаңа жолдар бұрын тұйық саналған бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерімен байланыстырады.
Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін