Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев YTO Express және Pinduoduo өкілдерімен кездесті

Бақытжан Мұса · · 11 қаралым
Тоқаев YTO Express және Pinduoduo өкілдерімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express атқарушы директоры Чжоу Цзянь мен Pinduoduo компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі жетекшісі Вэн Пэйчэнді қабылдады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы логистика және электронды коммерция салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар бұл бағытта, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан 2030 жылға қарай жалпы сауда көлеміндегі электронды коммерцияның үлесін 20 пайызға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның пікірінше, қытайлық серіктестермен бірлескен жұмыстар бұл міндетті мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндік береді.

Кездесуде Almaty SkyHub көлік-логистика хабын құру жобасына ерекше назар аударылды. Жоба Еуропалық одақ, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне жөнелтілетін тауарларды жедел рәсімдеуге бағытталған. Бұл бастама Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі көлік-логистика саласының дамуына серпін бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалды IT-шешімдерді қолданып, логистикалық процестерді автоматтандыратын Qazpost-YTO бірлескен кәсіпорнының жұмысын жоғары бағалады. Бүгінде компания YTO Express пен «Қазпоштаның» бірлескен жұмысы нәтижесінде 12,5 миллион сәлемдеме жөнелткен.

Өз кезегінде Чжоу Цзянь ірі жобаларды жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, компанияның жеткізу тізбегін ұйымдастыру және логистиканы цифрландыру тәжірибесі туралы баяндады.

Ал Вэн Пэйчэн биыл қазан айында Қазақстанда Pinduoduo компаниясымен бірлескен жобаның іске қосылатынын мәлімдеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp