Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Жалпы 2 мыңнан астам азаматқа награда табысталады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Пустыльниковті ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттайтынын мәлімдеді. Ол ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдан бері еңбек етіп, тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді.
Сондай-ақ аға мейірбике Анар Әбдіқұлова мен ұстаз Сәлима Жұмамұратоваға «Шапағат» медалі табысталады. Ал қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бір топ азамат «Ел бірлігі» орденімен марапатталады.
Президенттің мәліметінше, марапатталушылардың қатарында білім мен ғылым, денсаулық сақтау саласының 270-ке жуық қызметкері, жұмысшы мамандықтарының 473 өкілі, 129 еңбек ардагері және шағын және орта бизнес саласының 200-ден астам өкілі бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құттықтап, олардың адал еңбегі мен ел дамуына қосқан үлесін атап өтті.