Президент Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылуына қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты. Президент жасанды интеллект қолданылған фильмдердің алғашқы халықаралық байқауының маңызын атап өтіп, технологияны жауапкершілікпен қолдану қажеттігіне тоқталды. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев фестивальді ізденімпаз, білімді, жаңашыл және шығармашыл азаматтардың басын қосатын бірегей жоба деп бағалады. Оның айтуынша, жасанды интеллект әлем экономикасының барлық саласына өзгеріс әкеліп, технологиялық прогресс жаһандық сипатқа ие болып отыр.
Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival-ді Қазақстандағы креативті индустрияның дамуының көрінісі ретінде атап өтті. Президент елімізде осы бағытта біртұтас экожүйе қалыптастыру үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні бақылаусыз қолданудың ықтимал қауіптеріне назар аударды. Оның пікірінше, технологияның дамуын тоқтату мүмкін емес, сондықтан ең алдымен қауіпсіздікке мән беріп, жасанды интеллектіні дамыту мен жауапкершілікпен қолдану ережелерін әзірлеу қажет.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллектінің шығармашылық әлеуетін қоғам игілігіне пайдалану және өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету маңызды. Фестивальдің негізгі идеяларының бірі де осы мақсатпен үндеседі.