Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев «Атлетико Мадрид» клубының басшысымен кездесті

Бақытжан Мұса
Ақорда
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен испаниялық клуб арасындағы ынтымақтастықты дамыту, футбол инфрақұрылымын жетілдіру және жас ойыншыларды даярлау мәселелері талқыланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» клубымен қалыптасқан серіктестікті жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан заманауи футбол инфрақұрылымына, жаттығу базаларына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламаларына инвестиция салуды жалғастырып келеді. Сонымен қатар елдегі футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстары жүргізілуде.

Президент ФИФА-мен бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу бастамасына да тоқталды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Испания құрамасының және испаниялық футбол мектебінің жетістіктерін атап өтіп, озық тәжірибені қазақстандық жас футболшыларды даярлау ісінде қолдануға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Марин Қазақстанда футболды дамытуға көрсетіліп жатқан қолдау үшін Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ ол Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымына оң баға беріп, болашақта бұл нысан футболға арналған үздік оқу-жаттығу кешендерінің біріне айналатынына сенім білдірді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp