Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін жан-жақты тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» сияқты бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Алайда олардың кейбірінің мақсаты мен міндеттері ұқсас болуы мүмкін.
Тоқаев бағдарламалардың көптігі емес, ауыл шаруашылығының нақты дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы маңызды екенін атап өтті.
Мәселен, былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылған. Оған 173 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылған.
Президент енді осы жобалардың нақты нәтижесін тексеріп, бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалғанын анықтауды тапсырды. Оның сөзінше, әдемі статистикаға сүйеніп, нақты мәселелерді назардан тыс қалдыруға болмайды.