Сапар барысында корольдік жұп Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін танытатын құнды жәдігерлерді тамашалады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Әсіресе, музейдің Алтын залындағы экспонаттар қонақтардың назарын аударды.
Мұнда Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам», сондай-ақ Берел, Талды-2, Тақсай және Шілікті қорғандарынан шыққан алтын бұйымдар қойылған. Бұл жәдігерлер ежелгі дала өркениетінің зергерлік өнері мен мәдени мұрасын көрсетеді.
Бельгия королі мен патшайымы этнография залында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен және рухани құндылықтарымен де танысты. Сонымен қатар музейде бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары ұсынылды.
Сапар соңында Филипп пен Матильда Ұлттық музейдің Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.