Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттердің басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты. Жиында Мемлекет басшысы білім, ғылым және технология салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси шиеленістер білім мен технология салаларына да әсер етіп отыр. Ғылыми ынтымақтастық қауіпсіздік мәселесі тұрғысынан қарастырылып, озық технологиялар ортақ игіліктен гөрі бәсекелестік құралына айнала бастаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика және биотехнологиялар экономиканы, еңбек нарығын және білім беру жүйесін түбегейлі өзгертіп жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, білімнің жаңа бағыттарын игеріп, білікті мамандар даярлайтын және ғылыми идеяларды нақты технологияларға айналдыра алатын елдер ғана табысқа жете алады.
Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту, білім мен ғылымды және инновацияны ілгерілету Қазақстанның ұлттық стратегиясындағы негізгі басымдықтар екенін атап өтті. Бұл бағыттардың еліміз тарихында алғаш рет Конституцияда мемлекеттің стратегиялық мақсаттары ретінде бекітілгеніне де тоқталды.
Сонымен қатар Президент ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, технологиялық жаңаруды жеделдету және азаматтарды жаңа цифрлық экономикаға бейімдеу қажеттігін айтты.
«Бұл мақсатқа қол жеткізу жекелеген бастамаларды емес, керісінше мемлекеттің, университеттер мен бизнестің дәйекті әрі үйлесімді әрекет етуін талап етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.