Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйлеп, табиғатты қорғау, су тапшылығы мен шөлейттенуге қарсы күрес және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Армения Премьер-министрі Никол Пашинянға алғыс айтты.
Президенттің айтуынша, биоалуантүрлілікті сақтау – келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Табиғи экожүйелер азық-түлік өндірісі, су ресурстарын қорғау және миллиондаған адамның күнкөрісін қамтамасыз ету үшін маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шөлейттену, су тапшылығы мен жердің тозуы мемлекеттердің орнықты дамуына кедергі келтіріп, жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін атап өтті.
Мемлекет басшысы экологиялық мәселелерді шешу үшін саяси қайшылықтарды еңсеріп, нақты нәтижеге бағытталған халықаралық серіктестікті дамыту қажет екенін айтты.
«Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек», – деді Президент.