Қазақстан Германиямен экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға ниетті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев немістің Handelsblatt газетіне жазған мақаласында екі ел арасындағы серіктестікті шикізат жеткізумен шектемей, бірлескен өндірістер құруға шақырды.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан қазір Еуропа үшін стратегиялық маңызы бар 34 түрлі шикізаттың 21 түрін өндіреді. Олардың арасында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар.
Тоқаев Қазақстан Германияға тек шикізат жеткізуді емес, толық өндірістік тізбектер қалыптастыруды ұсынатынын атап өтті. Бұл геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап, шикізатты өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Президент екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың ауқымы қазірдің өзінде айтарлықтай екенін жазды. 2025 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы өзара сауда көлемі 9 миллиард долларға жуықтаған.
Сонымен қатар Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Қазақстан Германия нарығына өңделген өнімнің 80-нен астам түрін қосымша жеткізуге мүмкіндік бар деп есептейді.
Мақалада энергетика мен транзит салаларына да ерекше мән берілген. Қазақстан Еуропалық одақтың мұнай импортының шамамен 13%-ын және табиғи уран жеткізілімінің 20%-ын қамтамасыз етеді. Ал Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы жүк транзитінің шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Тоқаев ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде жаңартылатын энергетиканы, электр желілерін жаңғыртуды, цифрландыруды, жасанды интеллектіні, әуе жүк тасымалын және мамандар даярлауды атады.