Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Каспий итбалығын қорғау шараларын күшейтуді тапсырды

Бақытжан Мұса 73 қаралым
Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақтау үшін қосымша шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Президенттің пікірінше, теңіздің тартылуы, табиғи тіршілік ортасының өзгеруі, ластану және адам әрекетінен туындайтын жүктеменің артуы экожүйені қорғау жұмыстарын күшейтуді талап етеді. Әсіресе балықтардың уылдырық шашатын орындарын қалпына келтіруге, өзен аңғарларындағы экожүйелерді сақтауға және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғауға басымдық беру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралды қалпына келтіру тәжірибесі инженерлік шаралар мен ғылыми тәсілдерді ұштастырудың тиімділігін көрсеткенін айтты. Оның сөзінше, бұл тәжірибе су шаруашылығы мен экологиялық мәселелерді шешуге, сондай-ақ климат өзгерісінің салдарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымына қарсы күресті күшейту қажеттігін де атап өтті. Ол құқық қорғау және табиғатты қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жандандырып, бірлескен жедел іс-шаралар өткізу және цифрлық мониторинг құралдарын пайдалану маңызды екенін жеткізді.

Қазақстан Каспий итбалығы мен оның тіршілік ортасын сақтауға арналған мемлекеттік табиғи резерваттың әлеуетін ортақ іске жұмылдыруға дайын. Сонымен қатар итбалықтардың тіршілік циклі үшін маңызды аумақтарда адам әрекетінің әсерін азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау қажеттігі айтылды.

Президент Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысы басталғанын хабарлады. Қордың негізгі мақсаты – табиғатты қорғау бағытында халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерін қорғау оның маңызды бағыттарының бірі болмақ.

Мемлекет басшысы халықаралық қордың жұмысына белсенді қатысып, табиғатты қорғауға бағытталған нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp