Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Президент мәслихаттардың жергілікті деңгейдегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, өкілді органдар азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға, жергілікті бюджеттерді бекітуге және өңірлердің дамуын бақылауға қатысады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттық корпусты жаңарту жергілікті өкілді органдардың жұмысын едәуір күшейтеді деген сенім білдірді.
Конституцияның 88-бабының 5-тармағына сәйкес өткен консультация кезінде Премьер-министр мен Құрылтай төрағасы қарастырылып отырған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын айтты.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы айтылған пікірлерді ескере отырып, Конституция талаптарына толық сәйкес келетін түпкілікті шешім қабылдайтынын жеткізді.