Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайтып, мектептерде ұстаздардың абырой-беделін қорғау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Оның сөзінше, білім беру саласындағы реформалар педагогтердің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек.
Мемлекет басшысы оқу-ағарту саласындағы өзгерістерге қатысты мәселелер қоғамда жиі талқыланатынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, бұрын мұғалімдер қағазбастылықтан зардап шексе, қазір түрлі цифрлық платформалар мен жүйелерге есеп енгізуге мәжбүр. Соның салдарынан ұстаздардың артық жүктемесі толық азаймай отыр.
Тоқаев мұғалімнің басты міндеті – балаларға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін еске салды. Сондықтан осы жұмысқа кедергі келтіретін артық міндеттерді қысқарту қажет.
Бұдан бөлек, Президент мектептерде оқушылардың мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлар кездесетінін айтты. Мұндай оқиғалар кезінде мектеп әкімшілігінің ұстазға қысым көрсетуі де дұрыс емес екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы әрбір жағдайды жан-жақты қарастырып, жауапкершілікті барлық тараптың бірдей сезінуі керектігін жеткізді. Оның пікірінше, бұл мәселеде ата-ана, оқушы, мұғалім және мектеп әкімшілігі ортақ жауапкершілік танытуы тиіс.
Президент Оқу-ағарту министрлігіне аталған мәселелерді жіті бақылауда ұстауды тапсырды.