Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөліне тоқталып, оның есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысы ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына ерекше назар аударды.
«25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, егемендік жылдарында Қазақстан мемлекеттік рәміздерін бекітіп, ұлттық қаржы жүйесін құрды және мемлекеттік шекарасын шегендеді. Сондай-ақ Сарыарқаның төрінде жаңа елорда – Астананың іргесі қаланып, ел халықаралық аренада танылды.
Президент тарихи оқиғаларға әділ баға беру қажеттігін де атап өтті. Осы орайда ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін тілге тиек етті.
«Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құруда әділдік қағидаттарын ұстанудың маңызын атап өтіп, әділеттілікті ең жоғары рухани құндылықтардың бірі ретінде сипаттады.
Тоқаев Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайтынын айтты