Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев Network School негізін қалаушымен кездесті

Бақытжан Мұса
Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесті. Кездесуде Қазақстанның технологиялық экожүйесін дамыту, цифрлық құзыреттерді жетілдіру және инновациялық жобаларды қолдау мәселелері талқыланды. Qandastar.kz сайты хабарлады.

Президент Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім, ғылым және цифрлық құзыреттерге инвестиция салу арқылы технологияны терең меңгерген көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеуге басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағдарлама келешек ұрпаққа маңызды мұра қалдыруға мүмкіндік береді. Бастама аясында мектептер, университеттер және медициналық мекемелер секілді әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.

Президент Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптады. Сондай-ақ жобаның Қазақстан университеттерімен, стартаптарымен және технологиялық кәсіпорындарымен серіктестікті кеңейту жөніндегі жоспарын қолдады.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс білдірді.

Кездесу барысында Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салаларының өзара үйлесім тапқанын атап өтті.

Баладжи Шринивасан Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жоба цифрлық шешімдерді ілгерілетуге, адам капиталын дамытуға және инновациялық әзірлемелерді енгізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Бөлісу: Telegram WhatsApp