Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Дженсен Хуангты қабылдады. Кездесуде Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамыту және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Ақордада өткен кездесуде Мемлекет басшысы Дженсен Хуангтың сапары Қазақстан мен NVIDIA арасындағы серіктестікті дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ отандық жасанды интеллект экожүйесінің қалыптасуына қосқан үлесі үшін компания басшысына алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды Қазақстанның ұлттық басымдықтарының бірі ретінде атады. Президент биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын да еске салды.
Кездесу барысында NVIDIA мен Higgsfield компаниялары арасындағы әріптестік мәселесі де қозғалды. Мемлекет басшысы бұл ынтымақтастықты қолдайтынын және аталған компаниялардың Қазақстандағы технологиялық жобаларды дамытуға қатысуы маңызды екенін жеткізді.
Кездесу Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы халықаралық серіктестігін кеңейту мәселелеріне арналды.