Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары ұлттық тағамдар фестивалін тамашалады. Іс-шара барысында қатысушылар елдердің ұлттық мәдениетімен, дәстүрлі тағамдарымен және тарихи мұрасымен танысты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Түрікменстан павильонында жергілікті бақша өнімдері, нан-тоқаш өнімдері мен түрікмен кілемдерінің көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар қонақтарға «Оғыздар» («Огузлар») атты әдеби-сазды қойылым көрсетілді.
Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен заманауи жетістіктерін таныстыратын бірнеше тақырыптық алаңнан тұрды.
Фестиваль аясында мемлекеттер басшыларына ТМД елдерінің ұлттық тағамдарын әзірлеу барысы көрсетілді.
Сондай-ақ президенттердің қатысуымен ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында өткен «Жүйріктің шабысы: күш пен сымбат» атты телевизиялық фильмдер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.