Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Кездесу Кремльде жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 халықаралық форумы қарсаңында өтті.
Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектінің маңызына тоқталып, Қазақстан үшін бұл бағыттың басымдыққа ие екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, 2020 жылы алғаш рет онлайн форматта өткен AI Journey форумы кезінде Владимир Путин жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар алдағы жылдары әлемнің басты бағыттарының біріне айналатынын болжаған. Бүгінде бұл болжам шындыққа айналды.
Тоқаев Қазақстанда биыл Жасанды интеллектіні дамыту жылы жарияланғанын және осы бағытта бірқатар маңызды жұмыс атқарылғанын жеткізді. Сондай-ақ еліміздің БҰҰ-ның электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтерілгенін айтты.
Кездесуде ресейлік технологиялық компаниялардың Қазақстандағы жұмысы да сөз болды. Мемлекет басшысы әсіресе «Сбер» мен «Яндекс Қазақстан» компанияларының қызметін атап өтіп, олардың ел нарығындағы жұмысына оң баға берді.
Президенттің сөзінше, Қазақстан Ресейдің жоғары технологиялық тәжірибесін, соның ішінде киберқауіпсіздік саласындағы жетістіктерін де мұқият зерттеп отыр.
Тоқаев Мәскеуге цифрландыру мен жасанды интеллектіні өз қызметіне енгізіп жатқан түрлі бизнес салаларының өкілдері бар үлкен делегациямен келгенін айтты.