Мазмұнға өту
qandastar.

Тоқаев қазақ тілінің мәртебесі туралы: «Бұл – ұлттық маңызы бар мәселе»

Малика Хамит
Тоқаев қазақ тілінің мәртебесі туралы: «Бұл – ұлттық маңызы бар мәселе»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайына қатысып, қазақ тілінің қоғамдағы орны, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту және елдің тәуелсіздігін қорғау мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Президенттің айтуынша, ана тілі мәселесі тек мәдениет пен руханиятқа қатысты емес, мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар стратегиялық тақырып.

«Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 1989 жылы академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи рөлін атап өтті. Сондай-ақ ұйым мүшелерінің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобаларына тоқталып, қоғам жұмысына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Құрылтайда Президент Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында еліміздің жетістіктеріне де назар аударды. Оның сөзінше, соңғы жеті жылда ауқымды реформалар жүзеге асырылып, ел өмірінің түрлі саласында өзгерістер болды. Сондай-ақ Конституция Әділетті Қазақстанды құрудың құқықтық негізін қалыптастырды.

Тоқаев Тәуелсіздікті, Егемендікті, ел аумағының тұтастығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті.

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз!» – деді Президент.

Бөлісу: Telegram WhatsApp