Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы дамуы, саяси реформалар мен экономикалық көрсеткіштер туралы айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетінін еске салып, соңғы жеті жылда елде ауқымды өзгерістер жүзеге асқанын жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесі жаңарып, бір палаталы Құрылтай құрылды. Сондай-ақ жаңа мемлекеттік институттар жұмысын бастады.
Президент экономикалық көрсеткіштерге де тоқталды. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 398 миллиард долларға жетеді. Ал 2019 жылдан бері ел экономикасына 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылған.
Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың есепшотына жалпы сомасы 2,5 миллиард доллар аударылған.
Тоқаев әлеуметтік саладағы қолдау шараларын да атап өтті. Қазір Қазақстанда азаматтарға 1 мыңнан астам медициналық қызмет кепілдендірілген, ал әлеуметтік осал топтарға арналған жәрдемақының 39 түрі бар.